Алматы қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы жаңа үлгідегі 200 аялдама кешенін мемлекеттік сатып алуға жариялады. Kursiv LifeStyle басылымына белгілі болғандай, дизайнын RTS Decaux компаниясы әзірлеген павильондар туралы сөз болып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мұндай құрылымдар, атап айтқанда, Желтоқсан көшесі мен Төле би даңғылында орнатылған. Павильондарда екі жақты арқалықтары бар орындықтар, жаңбырдан қорғайтын қалқа, сондай-ақ жарнамаға арналған жеке интерактивті экран қарастырылған.

Техникалық талаптарға сәйкес, аялдамалар зауыттық жағдайда жасалып, жаңбырға, тікелей күн сәулесіне және -45 °С-тан +50 °С-қа дейінгі температураға төтеп беруі тиіс. Құрылымдардың қызмет ету мерзімі — кемінде 20 жыл. Мердігер 2026 жылы 48 павильон, ал 2027 жылы 152 павильон дайындауы керек.

Жеткізуші 21 қазанда анықталады. Сатып алу қайталама ретінде белгіленген — демек, бірінші реттен мердігер табу мүмкін болмаған. 200 аялдама үшін басқарма өндірушіге 897,5 млн теңге төлеуге дайын. Осылайша, бір құрылымның құны 4,5 млн теңгеден сәл асады.

Материал авторы қала бойынша аялдама кешендерінің құрылымы бірдей және функционалды болса, тамаша болар еді деп атап өтті.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle қала тұрғындары Өтепова көшесіндегі жаңа аялдаманың дизайнын сынағанын жазған — ол көлік басқармасы сатып алуға жоспарлап отырғандардан өзгеше.