Алматыдағы «Атакент» көрме кешенінің алдында басталған құрылыс жұмыстары қала тұрғындары арасында қызу талқыға түсті: көпшілік бұл жерде «жаңа тиін» пайда болады деп болжады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл туралы Threads әлеуметтік желісінде artkozha деген лақап атпен тіркелген қолданушы жазды. «Алматы, „Атакентте“ аркалардың алдында бірдеңе салып жатыр, жаңа тиін бе екен?» — деп жазды ол.
Пікірлерде қолданушылар түрлі болжам айта бастады. «Тиін болмаса екен деп үміттенемін. Мұнда алтын жалатылған немесе жылтыраған бірдеңе болатын шығар», «Тиінді қайтарғысы келеді», «Тиін болмаса екен, сол жерден өткенде жүрегім алып-ұшып кетті», — делінген жарияланымдағы қалалықтардың сөздері.
Алматының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы «Атакент» мәдени-көрме кешенінің аумағында мүсіндік композиция орнату жұмыстары басталғанын түсіндірді.
«Композицияны орнату сәндік-көркемдік сипатта және көрме кешенінің аумағын абаттандыруға, қалалық ортаның эстетикалық келбетін жақсартуға бағытталған. Мүсіндік композицияны орнату жұмыстары ағымдағы айдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда», — деді басқармада.
Алайда композицияның нақты қандай болатынын ведомство нақтыламады.
Еске салайық, 2018 жылы Алматыда «Атакент» маңында тұрғындарды таңғалдырған алып сабан тиін пайда болған еді. Оған 23 млн теңге жұмсалғаны хабарланған. Алайда 2020 жылы оны бұзуға шешім қабылданды.


