5 қарашада Мәскеуде өткен «Хрустальный шар – 2026» сыйлығын тапсыру рәсімінде «Халықаралық тәжірибе» арнайы жүлдесін «Алматы қаласы Білім басқармасының жағдаяттық орталығы» атты қазақстандық жоба иеленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әлеуметтік медиа аналитикасы мен цифрлық коммуникация саласындағы халықаралық байқау қорытындысы бойынша оңтүстік мегаполис өкілдеріне осы марапат табысталды.

Бұған дейін қазақстандық әзірлеме «Мемлекет және қоғам» халықаралық номинациясының үздік 10 жобасы қатарына еніп, ондықтағы Орталық Азияның жалғыз өкілі болған еді.

«Хрустальный шар» сыйлығы алтыншы рет өткізіліп отыр. Биылғы байқау 8 тақырыптық номинация мен 3 арнайы санатты қамтыды, ұсынылған жобаларды кәсіби қазылар алқасы бағалады.

Алматылық жағдаяттық орталық қоғамдық маңызы бар міндеттерді шешуде цифрлық құралдарды қолданғаны үшін танылды. Жүйе ақпараттық кеңістікті мониторингтеуді, азаматтардың өтініштерін өңдеуді және жауапты қызметтермен жедел өзара іс-қимылды біріктіріп, білім саласындағы мәселелерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

«Халықаралық марапат алу — біздің команда үшін маңызды оқиға. Алматылық жобаның Қазақстаннан тыс жерде кәсіби қауымдастық тарапынан танылуы әсіресе қуантарлық. Бұл — бірлескен жұмыстың және қала әкімдігінің қолдауының нәтижесі, сол арқылы мұндай бастамалар дамуға және тұрғындарға нақты пайда әкелуге мүмкіндік алып отыр», — деді жоба жетекшісі Рафаэль Гасанов.

Арнайы жүлденің берілуі қалалық басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізудің қазақстандық тәжірибесінің халықаралық деңгейде танылуы болды.