Алматыдағы сот бұрынғы священник Иаков Воронцовты психотроптық затты заңсыз сатып алып, сақтағаны үшін кінәлі деп таныды. Жаза мерзімі рақымшылыққа байланысты қысқартылып, ол төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Істі Алматының Медеу ауданындағы №2 аудандық соты қарады. Сот процесі 16 қыркүйекте басталып, жабық режимде өтті.
Сот материалдарына сәйкес, Воронцов тұрған үйде тінту кезінде психотроптық зат меткатинонның аналогы — 3-CMC-нің 2,44 граммы табылған. Бұл мөлшер ерекше ірі көлем ретінде бағаланды. Воронцовқа затты сату мақсатынсыз сатып алу және сақтау бойынша айып тағылды.
Сот оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, тінту хаттамасымен және істің басқа да материалдарымен расталатынын атап өтті.
Бастапқыда Воронцовқа алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Кейін Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық қолданылды.
«Жаза үштен бірге қысқартылып, түпкілікті төрт жыл бас бостандығынан айыру мөлшерінде белгіленді», — делінген сот хабарламасында.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Ресей православие шіркеуінің бұрынғы священнигіне қатысты қылмыстық іс желіде Воронцовтың өз қолымен жасалған темекі шегу құрылғысын пайдаланып, есірткі затын дайындап, қолданғаны бейнеленген видео пайда болғаннан кейін қозғалған.
Сотта 2026 жылғы 13 ақпандағы медициналық куәландыру Воронцовтың каннабиноидтарды қолданғанын анықтағаны хабарланды. Бұған дейін оларды медициналық мақсатсыз қолданғаны үшін оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.


