Алматыда жастарға кітап туралы бейнешолу жасағаны үшін 100 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлық ұсынылып отыр. Байқау «Оқырман ұлт» республикалық марафоны аясында өтіп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Байқау шарты бойынша, таңдалған шығарма бойынша ұзақтығы бір минуттан үш минутқа дейінгі бейнешолу түсіру қажет. Бейнероликте кітаптың негізгі ойын ашу, мәтіннен кемінде екі мысал келтіру және өз пікіріңмен бөлісу талап етіледі.

Қатысушыларға төрт кітаптың бірін таңдау ұсынылады: Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Олжас Сүлейменовтің «АЗ и Я», Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» және Арман Әлменбеттің «Тергеуші».

Қатысу үшін тіркелу, Instagram-да кітап атауы мен #oqitynult хэштегі бар пост жариялау, содан кейін сол хэштегпен бейнешолу жүктеу қажет.

Жалпы жүлде қоры 400 мың теңгені құрайды. Жеңімпаз 100 мың теңге алады, екінші орын алған екі қатысушы — 75 мың теңгеден, тағы үш жүлдегер — 50 мың теңгеден алады.

«Жұмыстар төрт критерий бойынша бағаланады: мазмұнды түсіну, дәлелдеу сапасы, пікірдің дербестігі, баяндаудың логикасы мен айқындығы. Ең жоғары баға — 100 балл», — деп түсіндірді әкімдікте.

Жұмыстар 19 қазанға дейін қабылданады. 20-22 қазан аралығында қазылар алқасы бағалайды, ал 23 қазанда жеңімпаздар жарияланады.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle қазақстандықтарды оқуға қалай тартуға тырысып жатқанын және осы мақсатта қандай іс-шаралар жарияланғанын жазған болатын.