Алматы тұрғындары дүкен сөрелерінен қала жұрты «кірпіш» деп атайтын нанның жоғалып кеткеніне тап болды. Өнімнің уақытша болмауының себебін «Ақсай нан комбинаты» ЖШС атады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бірнеше күннен бері Threads әлеуметтік желісінде алматылықтар нанның бұл түрі қайда кеткенін талқылап жатыр. «„Ақсай наннан“ кірпіш нан қайда жоғалғанын кім біледі?» — деп жазды machmudik27 атты қолданушы.
veterkz деген тағы бір қолданушы: «„Ақсай нан“ екінші апта бойы ақ кірпішін шығармай жатыр. Ең танымал нан түрі. Әрі Алматыдағы ең дәмдісі. (...) Зауытқа қытайлар қызығып жүр деген сыбыс тарап жатыр», — деп атап өтті.
Қала тұрғындарының көптеген сұрағына байланысты кәсіпорын әкімшілігі ресми мәлімдеме жариялады.
«Біздің „формалық әлеуметтік“ нанымыздың (кірпіш) уақытша болмауына байланысты алаңдаушылықтарыңызды түсінеміз және сабыр сақтауға, үрейге бой алдырмауға, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған расталмаған сыбыстарға сенбеуге шақырамыз. Ресми түрде хабарлаймыз: нан пісіру желісінің уақытша тоқтауының себебі — күрделі жөндеу жұмыстарын талап ететін ауыр техникалық ақау», — делінген мәлімдемеде.
Формалық нан пісірілетін пештер 39 жыл бұрын орнатылып, кәсіпорын жұмысын бастағаннан бері пайдаланылып келе жатқаны нақтыланды. Бұл жабдық бірегей, оның заманауи баламалары жоқ. Сондықтан ақауды жою айтарлықтай техникалық күш пен уақытты талап етеді.
«Ерекше атап өтеміз: жабдықтың тоқтауы әдейі жасалған жоқ. Қазіргі таңда кәсіпорын мамандары нақты жөндеу жұмыстарын жүргізіп, желінің жұмыс қабілетін қалпына келтіру үшін бар күш-жігерін салып жатыр», — деп қосты «Ақсай» өкілдері.
Кәсіпорында қазір басты міндет — өндіріс желісін жедел қалпына келтіріп, Алматы тұрғындарына нан жеткізуді қайта бастау екеніне сендірді. Алайда мерзімдері нақтыланбады.


