Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде тұратын әйел пәтерлерге келетін ыстық судың лас екенін әлеуметтік желіде жариялап, аудан әкімдігінен жауап алды — бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
NUR.KZ агенттігінің мәліметінше, жазба Әлия Томатаеваның Threads парақшасында жарияланған. Әйелдің айтуынша, су сапасына қатысты мәселе «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінде байқалады.
«Ыстық су да, суық су да үнемі лас. Жылу желісіне де, КСК-ға да хабарластық, ешкім жауап бермейді», — делінген жазбада.
Шағым авторы дәлел ретінде бейнежазба қосқан. Онда ваннаға құбырдан қоңыр түсті су құйылып жатқаны көрінеді.
Бұл өтінішке Алматының Наурызбай ауданы әкімдігі жауап берді. Онда ыстық сумен жабдықтау сапасын жақсарту үшін «Алматы жылу желілері» ЖШС аталған тұрғын үй кешеніне ыстық су жеткізетін магистральдық жылу желілерін жуу жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеді.
«Сонымен қатар жылумен жабдықтаушы ұйымның мамандары ыстық судың сапасын және оның белгіленген санитарлық талаптарға сәйкестігін анықтау мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су сынамаларын алады», — деп қосты әкімдікте.


