Алматы облысында жауапкершілігі шектеулі серіктестік шетелдік компанияға 1,1 млн евро аударғаны үшін 119,8 млн теңге айыппұл төледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, сот алқасы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабының 2-бөлігі бойынша серіктестікке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.

Іс материалдарымен анықталғандай, серіктестік пен шетелдік компания арасында жалпы құны 1 870 580 евро болатын құрал-жабдықты дайындауға және жеткізуге келісімшарт жасалған. Шарттық міндеттемелерді орындау мақсатында серіктестік шетелдік компанияға 1 100 000 евроны үш траншпен аударған.

Алайда құрал-жабдық белгіленген мерзімде жеткізілмеген, ал ақша қаражатын қайтару мерзімі 2026 жылғы 30 шілдеде аяқталған.

Құжаттық тексеру қорытындысы бойынша ұлттық және (немесе) шетелдік валютаны белгіленген мерзімде қайтару талабының орындалмағаны анықталды.

Талғар аудандық сотының қаулысымен серіктестік Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қайтаруға жататын соманың 20 пайызы мөлшерінде айыппұл салынды, ол 119 829 600 теңгені құрады.

Бірінші сатыдағы соттың қаулысымен келіспеген серіктестік өз өкілінің атынан апелляциялық шағым берді.

Іс материалдары мен шағым дәлелдерін тексерген сот алқасы бірінші сатыдағы сот қаулысын жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ деген қорытындыға келді.

Қаулы өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.