Алматы облысының Қарасай ауданында әйелдің кішкентай баланың аузына электрондық темекіні апарып ұстағаны түсірілген бейнежазбаның желіде таралуына байланысты тексеріс басталды. Бейнеролик 16 қазанда EGOV.PRESS Telegram-арнасында жарияланған, ал билік қоғамдық наразылықтан кейін ғана жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қарасай аудандық әкімдігі бейнежазбаға пікір білдіріп, ондағы әйел сыртқы белгілері бойынша Қаскелең қаласы әкімі аппаратының бас маманы М. Үмбетоваға ұқсайтынын көрсетті.

«2026 жылғы 16 қазанда "EGOV.PRESS" Telegram-арнасында кәмелетке толмаған балаға электрондық темекі өнімін ұсыну фактісі тіркелген бейнежазба жарияланды. Сыртқы белгілері бойынша бейнежазбадағы әйел Қаскелең қаласы әкімі аппаратының бас маманы М. Үмбетоваға ұқсайды. Қазіргі таңда барлық мән-жайды анықтау шаралары жүргізілуде. 2026 жылғы 19 қазанда қызметтік тергеу басталады, оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шара қолданылады», — делінген ведомство хабарламасында.

Әкімдіктің тексерісімен қатар NUR.KZ тілшісі болған жайдың мән-жайын анықтау үшін полицияға сауал жолдады.