Алматы облысының соты көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдік азаматты Қазақстаннан шығарып жіберу туралы шешім қабылдады. Бұзушы айыппұлмен шектелуді сұрағанымен, сот оның өтінішін қанағаттандырмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Еңбекшіқазақ ауданының №2 соты шетелдік азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Іс Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу фактісі бойынша қозғалған (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі).
2026 жылғы 23 қыркүйекте сағат 19:00 шамасында Шелек ауылында жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында шетелдік азамат анықталды. Ол 2026 жылғы 19 наурызда жұмысқа орналасу мақсатында Қазақстанға келген. Заңнамада белгіленген мерзім өткен соң ол елден шығудан жалтарған, яғни он тәуліктен астам уақыт заңсыз жүрген.
Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындады. Ол құжаттарды уақытылы заңдастыру қажеттігін білмегенін айтып, жасағанына өкінді және соттан айыппұлмен шектелуді сұрады.
Аталған баптың санкциясы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды не елден шығарып жіберуді көздейді.
Жаза тағайындау кезінде сот өкінуді жеңілдететін мән-жай деп таныды. Алайда құқық бұзушының тұрақты табысының, Қазақстанда жақын туыстарының болмауын, сондай-ақ елде ұзақ уақыт заңсыз жүргенін ескеріп, сот Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасын тағайындады.
Құқық бұзушыға өз еркімен кету үшін 5 тәулік мерзім берілді.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.


