Алматыда концерт кезінде болған жанжалға қатысқан үш әйел жауапқа тартылды. Олардың біреуі бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мегаполис полиция департаментінің мәліметінше, қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері жанжалға қатысқан әйелдерді концерт алаңынан тысқары шығарған. Іс-шараның өзі үзілмей, қалыпты тәртіпте жалғасқан.
Оқиғаның мән-жайымен Threads желісіндегі @alishia.bbt пайдаланушысы бөлісті. Оның айтуынша, әйелдер бір-бірінің шашын жұлып, дауыстап анықтасқан. Жазба авторының сөзінше, олардың біреуі: «Мен саған анаң боламын, ұялмайсың ба», — деп айқайлаған.
Алматы полициясы оқиғаға қатысы бар үш әйелді анықтады. «Олардың екеуі — Алматы облысының тұрғындары. Біреуі сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, екіншісі қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін айыппұл төледі. Үшінші қатысушыға — Тараз тұрғынына — ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотқа жіберілді», — делінген мегаполис полиция департаментінің хабарламасында.
Сонымен қатар полиция әлеуметтік желілерді бақылау барысында концерт бұзылды деген жалған ақпарат жарияланғанын анықтады. Instagram аккаунтының иесі анықталып, айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Полиция қоғамдық тәртіпті бұзғаны және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік туралы еске салады», — деп қосты департаментте.


