Алматының Алмалы ауданында орналасқан, бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болып, кейін мемлекет кірісіне өткізілген қонақүй кешені электрондық сауда-саттықта 12 384 291 448 теңгеге сатылды. Мәміле бірнеше әрекеттен кейін ғана жүзеге асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

e-Qazyna.kz электрондық сауда алаңының дерегінше, Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайындағы нысан сатылған. Кешеннің жалпы ауданы 16 мың шаршы метрден асады.

Ғимарат бастапқы бағасы 38,2 млрд теңгеден астам болып шығарылған, кепілдік жарна 1,9 млрд теңгеден асқан, ал ең төменгі баға 8,9 млрд теңгеден жоғары деңгейде көрсетілген.

Бұған дейін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2023 жылғы тамызда сыйға тарту шартының негізінде қонақүйдің мемлекет кірісіне өткізілгенін хабарлаған. Сол жылғы қыркүйекте ол сот әкімшілігі департаментінің балансына берілген.

2026 жылғы 9 қыркүйекте департамент бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған қонақүйдің бұрынғы ғимаратын электрондық сауда алаңына шығарғаны белгілі болды. Бастапқы бағасы 12,7 млрд теңгеден сәл астам болған. Алайда бірінші рет сауда-саттық өтпеді, өйткені бірде-бір қатысушы тіркелмеген.

Қазанда Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті қонақүй кешенін қайтадан сауда-саттыққа шығарды, бұл жолы баға 3,2 есе өсті.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ғимараттың бұзылатыны туралы ақпарат тараған. Алайда қала әкімдігі NUR.KZ тілшісінің сауалына бұрынғы қонақүйдің бұзылмайтынын хабарлаған.