18 қазанда Алматыда сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу мен әйелдер денсаулығына арналған кеш өтеді. Қала тұрғындары дәрігерлердің дәрістерін тегін тыңдап, сән көрсетілімін тамашалай алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс-шараны ProHealth.kz Қазақстандық онкологтар қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Жоба сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардарлықтың халықаралық айына орайластырылған.

Бастаманың басты мақсаты — әйелдерге тұрақты тексеруден өтудің қажеттілігін және ауруды ерте анықтаудың маңыздылығын еске салу.

Кешті қатысушылардың бастан кешкен сынақтары мен оларға әрі қарай жүруге күш берген жайттар туралы жеке әңгімелерімен ашу жоспарланып отыр. Сөз соңында стилистер мен визажистер әйелдерге жаңа бейне жасауға көмектеседі, кейін олар сол бейнелерімен подиумға шығады.

Қатысушылар дефилеге дайындалып жатқанда, онколог дәрігерлер сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу бойынша кеңестерімен бөліседі.

Іс-шара сән бейнелерінің көрсетілімімен аяқталады. Дефиледен кейін кейіпкерлер мен сән индустриясының өкілдері әсерлерімен бөлісіп, өзін қабылдау, сенімділік және өз денсаулығына мұқият болу олар үшін нені білдіретінін талқылайды.

«Қызғылт қазан» 18 қазанда, жексенбіде, сағат 17:00-де MEGA Alma-Ata сауда-ойын-сауық орталығында өтеді. Мекенжайы: Розыбакиев көшесі, 247А, ескі ғимарат, бірінші қабат, бұрынғы мұз айдынының орнында.

Кеудедегі қандай өзгерістерге назар аудару керектігін Kursiv Health мақаласынан оқыңыз.