Алматы облысында полицейлер жанжалды той керуенінің тағы бір қатысушысын анықтап, жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, іздестіру шаралары барысында 22 жастағы Алматы тұрғыны Шымкентте болғаны анықталды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Анықталғандай, дәл сол алматылық бас көліктің соңынан бірінші болып жеткен жүргізушіге 600 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы ұсынған. Кейін керуен қатысушылары жалпыға ортақ жолдарда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірді.

Еске салайық, әлеуметтік желілердегі жанжалды бейнежазбадан кейін той керуенінің қатысушылары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) жауапкершілікке тартылған болатын.

Полицияда атап өткендей, негізгі үш бұзушы — Toyota Land Cruiser, «ВАЗ» және Mercedes-Benz жүргізушілері — Қарасай ауданының тұрғындары. Олар 10 тәулікке қамалды.