АҚШ-та өтетін аралық сайлау науқаны тарихтағы ең қымбат сайлауға айналуда. 14 қазанға дейін жетекші 40 донор 2,4 миллиард доллар бөлді — бұл аралық сайлау цикліндегі осы кезең үшін рекордтық көрсеткіш. Бұл туралы либералдық бағыттағы Brennan Center for Justice зерттеу орталығына сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлайды.

«2026 жылғы аралық сайлаудағы шығын рекордтарды жарып барады, ақшаның басым бөлігі ең бай донорлар мен топтардан келіп жатыр», — дейді АҚШ-тағы сайлау қаржысы жөніндегі сарапшы Майкл Беккел.

Жеке адамдармен қатар ұйымдар да саяси іс-қимыл комитеттеріне қаржы бөле алады. Мәселен, миллиардер-қаржыгер Джордж Соростың негізін қалаған Geosor Corp және Fund for Policy Reform либералдық топтарға бірлесіп 102 миллион доллар берген.

Соростан бөлек, Нью-Йорк қаласының бұрынғы мэрі әрі кәсіпкер Майкл Блумберг демократтардың ең ірі доноры атанды — ол 60 миллион доллардан астам қаржы бөлген.

Федералдық сайлау комиссиясының құжаттарына сәйкес, әлемдегі ең ірі трейдинг компанияларының бірін басқаратын Джефф Ясс, сондай-ақ АҚШ-та бизнес жабдықтарын жеткізетін компанияның иелері Ричард пен Элизабет Уихлайн сияқты бірнеше миллиардер осы науқанда республикашылдардың бастамаларына 100 миллион доллардан астам қаржы берген.

Алайда жеке адамдар арасында ең көп қаржыны Маск бөлді — қазан айына қарай ол жарты миллиард долларға жуық қаражат аударған.