АҚШ-та Хэллоуин мерекесіне тұспа-тұс келген демалыс күндері атыс оқиғалары болып, кемінде 15 адам қаза тауып, тағы 81 адам жарақат алды. Атыс елдің 11 штатында тіркелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ең ауыр жағдай Далласта қалыптасты. Онда үш бөлек оқиға салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алды, деп жазады USA Today.

Атыс оқиғалары Алабама, Делавэр, Иллинойс, Индиана, Арканзас, Калифорния, Мичиган, Колорадо, Флорида және Миссисипи штаттарында да тіркелді.

«Атыстардың бір бөлігі Хэллоуин мерекесіне арналған іс-шаралар өткен аудандарда болды. Басқа оқиғалар студенттік қалашықтар мен түнгі клубтардың маңында тіркелді — мерекелік демалыс күндері адам көп жиналатын жерлерде», — деп жазады ақпарат агенттігі.

Алайда басылым дерегінше, демалыс күндері болған оқиғалардың барлығы Хэллоуин мерекесіне байланысты емес. Кейбір атыс оқиғалары мерекелік іс-шараларға қатыссыз болған.

Тіркелген оқиғалар салдарынан жалпы алғанда кемінде 15 адам қаза тауып, зардап шеккендердің саны 81-ге жетті.