Ақтөбе облысының Соғалы ауылында тұратын Бауыржан Қайсиев 13 және 11 жастағы екі қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Енді оларды өзінен тартып алуы мүмкін деп қауіптенеді. infohub.kz сайтының хабарлауынша, әйелі отбасынан кеткен соң ер адам екі қызымен бірге ескі саман үйде тұрады. Табысы тек ең қажетті нәрселерге ғана жетеді.
Жуырда ер адам зейнетке шыққан. Оның айтуынша, төленетін қаржы ай сайын азайып барады. Бірақ ақша тапшылығынан гөрі оны балаларынан айырылып қалу қорқытады.
«Алғашында 70 мың теңге алдым, кейін екі айда 140 мың теңге аударылды, сосын 60 мың, келесі айда 50 мың, соңғы рет 36 мың теңге келді. Неге азайып жатқанын білмеймін. Қолымнан келгенінше айналысып, қосымша жұмыс істеп жүрмін. Әрине, қиын. Оның үстіне кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекциядан келіп, қыздарымды тартып аламыз деп қорқытады», — дейді Бауыржан Қайсиев.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, отбасы басшысының зейнетақысының аз болуы соңғы жылдары оның ресми жұмыс істемегенімен байланысты. Қазір оған еңбек өтілін растауға көмектесіп жатыр.
Істі сот шешімі де қиындатып отыр. Қайсиевтер ерлі-зайыптылары ресми түрде екі жыл бұрын ажырасқан. Сот балалардың тұратын жерін анасымен бірге деп белгілеген.
«Қазіргі таңда Бауыржан Қайсиев осы сот шешімін қайта қарау жөнінде жұмыс істеп жатыр. Отбасына тұрақты түрде қажетті қолдау көрсетіліп отыр. Білім бөлімі жыл сайын әр балаға жаңа оқу жылына дайындық үшін 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек бөледі. Сонымен қатар 2025 жылы отбасының өтініші бойынша өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау аясында 100 АЕК, яғни 393 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді», — деді Қобда ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Күлбергенов.
Алайда әке үшін мәселе тек ақша мен тұрмыстық қиындықта емес. Ол отбасын сақтап қалуды және балаларынан айырылмауды сұрайды. Сот дауы қалай аяқталып, қыздар кіммен қалатыны енді уәкілетті органдар мен соттың шешіміне байланысты.


