Қазақстанда ақылы жол саны тағы біреуге артады: Қандыағаш-Мақат ақылы трассасының құрамына Ақтөбе-Қандыағаш автожолының бөлігі қосылады. Тиісті бұйрықты Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жол жүрісіне ақы сараланып алынады. Жеңіл көлік жүргізушілері жолдың тек алғашқы 76,2 шақырымы үшін ғана төлейді. Алдын ала төлеу кезінде бүкіл бағыт үшін жүріс құны айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 0,0554 мөлшерін, яғни 239,6 теңгені құрайды. Кейін төлеу кезінде 0,0639 АЕК — 276,4 теңге төленеді.
Ақылы трассаға іргелес аудандарда тіркелген көліктер үшін жылдық абонемент қарастырылған, оның құны 1 АЕК — 2026 жылы 4 325 теңге.
Автобус пен жүк көлігінің жүргізушілері ұзындығы 469,5 шақырым болатын бүкіл трасса бойымен жүргені үшін төлейді. Толық құны 0,6114 АЕК-тен 3,6172 АЕК-ке дейін, яғни 2 644,3 теңгеден 15 644,4 теңгеге дейін өзгереді.
Жүріс құны жүріп өткен қашықтыққа, көлік құралының санатына, оның жүк көтергіштігіне және төлеу тәсіліне байланысты.
Бұйрық 29 қазанда жарияланды, ал күшіне осы жылдың 9 қарашасында енеді.
Бұған дейін қазақстандықтардың ақылы жолдарда жүріс ақысын қалай үнемдей алатыны туралы хабарланған болатын. Сондай-ақ сарапшылар Қазақстан мен әлемнің өзге елдеріндегі ақылы трассалардың тарифтерін салыстырды. Ал жақында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиакпаров үкімет кулуарында Қазақстанда ақылы жолдармен жүргені үшін тарифтер көтерілуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.


