Астанада қызмет бабын пайдаланып, көлік сатуға қатысты алаяқтық жасады деп айыпталған ер адамға үкім шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының мәліметінше, сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша — ерекше ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену (189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы) және ірі мөлшерде алаяқтық жасау (190-баптың 3-бөлігінің 1-тармағы) бойынша айыпталған.

«Автодилер ұйымының сату бөлімінің менеджері болып жұмыс істеген А. жалған құжаттар рәсімдеу арқылы жалпы құны 53,1 млн теңге болатын 8 көлікті заңсыз шығарып, сатып жіберген. Сатып алушылардан түскен ақшаны кәсіпорын кассасына тапсырмаған. Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарында А. Б.-ға 3 көлікті арзан бағамен сатып алуды ұсынып, міндеттемелерін орындамауға әдейі ниеттенген. Сатып алушыдан 16,5 млн теңге алып, көліктерді бермеген, ақшаны өз қалауынша жұмсаған», — деп баяндады сот іс мән-жайын.

Жалпы шығын 69,6 млн теңгені құрағаны атап өтілді.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, жәбірленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сотталушының өз айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен расталды.

Прокурор айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сотталушы мен оның қорғаушысы бірінші эпизодты иемденуден алаяқтыққа қайта саралауды және өкінуі мен басқа да жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, ең аз жаза тағайындауды өтінген.

«Сот бірінші эпизодты иемденуден алаяқтыққа қайта саралады, өйткені көліктер сотталушыға сеніп тапсырылмаған. Ол оларды материалдық жауапкершілікке алмаған, сақталуына жауап бермеген және оларды өз бетінше сатуға, сатып алушыларға беруге өкілеттігі болмаған», — деп қосты сотта.

Жаза тағайындау кезінде сот өкінуін, кәмелетке толмаған баласының болуын және соттылығының жоқтығын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

«Қылмыстардың жиынтығы бойынша сот А.-ға 8 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды», — деп түйіндеді сотта.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.