Астанада 17 қазаннан бастап автобус пен жеңіл рельсті көлікте жүруге арналған атаулы мектеп және жеңілдік көлік карталарын рәсімдеу орындарының саны артады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

City Transportation Systems компаниясының Instagram парақшасында мәлім еткендей, енді автобус қоғамдық көлігінде жүруге арналған атаулы мектеп және жеңілдік көлік карталарын Tarlan Astana (LRT) станцияларының барлығында рәсімдеуге болады.

«Осылайша, Орталық кассадан бөлек, көлік карталарын рәсімдейтін мамандандырылған кассалардың саны көбейіп, қызметтің қолжетімділігі артады. Аталған кассаларда автобус пен Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінде жүру ақысын төлеуге арналған жеңілдік және мектеп көлік карталарын рәсімдеуге болады», — делінген хабарламада.

Компания атаулы көлік карталарын елорданың оқу орындарында білім алатын 7 мен 18 жас аралығындағы оқушылар, сондай-ақ Астанада тіркеліп, тұрақты тұратын және Астана мәслихаты бекіткен жеңілдік санаттарына жататын азаматтар рәсімдей алатынын еске салды.

Мектеп көлік картасын рәсімдеу үшін жеке куәліктің не ата-ананың бірінің немесе заңды өкілінің төлқұжатының түпнұсқасын, баланың туу туралы куәлігінің ЖСН көрсетілген түпнұсқасын, Астанадағы оқу орнынан анықтаманың түпнұсқасын, сондай-ақ 3 × 4 см немесе 4 × 6 см көлеміндегі түрлі-түсті фотосуретті ұсыну қажет.

Жеңілдік көлік картасын рәсімдеу үшін жеке куәліктің немесе төлқұжаттың түпнұсқасы, зейнетақы куәлігінің түпнұсқасы және 3 × 4 см немесе 4 × 6 см көлеміндегі түрлі-түсті фотосурет қажет.

eGov Mobile мобильді қосымшасындағы цифрлық құжаттар, соның ішінде «Әлеуметтік ID» ұсынылған кезде жарамды екені атап өтілді.