Астаналық Айжан Нүсірованың асыға күткен қызы сегіз жыл үміттеніп, алты рет ЭКО жасатқаннан кейін дүниеге келді. Бүгінде екі жасар Дария ауыр онкологиялық дертпен күресіп жатыр. Ата-анасы ем ақысын төлеу үшін пәтері мен көлігін сатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қызға «жоғары қауіпті нейробластома» диагнозы ол бір жас төрт айлығында қойылды. Ісік құрсақ қуысында орналасып, сүйек кемігін зақымдаған және сүйектерге көптеген метастаз берген.

«Жарты жыл бойы Кореяда емделіп, төрт курс химиотерапиядан өттік. Тыныс алу асқынуларынан қызым үш рет жансақтау бөлімінде жатты. Соңғысында 34 күн өкпесін жасанды желдету аппаратына қосып, бір сағат бойы жүрегі тоқтап, бүйрегі мен өкпесі істен шықты. ЭКМО аппараты мен диализге қосылды. Бірақ реаниматолог дәрігерлердің арқасында Дария аман қалды», — деп әңгімеледі қыздың анасы Айжан Нүсірова.

Қазір Дария Барселонадағы Sant Joan De Deu госпиталінде ем қабылдап жатыр. Оған жеті курс химио-иммунотерапия, ісікті алып тастау операциясы және сәулелік терапия жасалды. Анасының айтуынша, оң динамика бар, ісік іс жүзінде шегінді. Алайда 2027 жылдың қаңтарының соңына дейін тағы төрт курс химио-иммунотерапиядан өтуі керек.

«Былтыр ісіктен Дарияның аяғы жүрмей қалды, қазір оңалту шараларынан өтіп жатырмыз. Нәтижесі жақсы, қызым еңбектеп, аяғына тұра бастады», — деп түсіндірді Айжан.

Емге ақша керек, ал қаражат іс жүзінде сарқылды. Қызын аман алып қалу үшін Айжан мен жұбайы пәтерін, көлігін сатып, барлық жинаған ақшасын жұмсап, тіпті қарызға да ақша алған. Жанашыр адамдардың арқасында Дария емін жалғастыра алады. Бірақ қазір анасының айтуынша, қайырымдылық жинау айтарлықтай азайып, клиника алдындағы қарыз өсіп келеді.

Көмек көрсету деректемелері:
Kaspi: 4400 4302 7149 4707
Freedom: 4002 8900 3036 4420
Halyk: 4003 0351 8597 4412
Карталар мына нөмірге тіркелген: +7 701 511 90 63 (Талғат М., әкесі)
Тел.: +7 701 794 84 31
Instagram: @dariya.komek