2026 жылдың басынан бері Астанада қоқысты заңсыз тастағандар мен жинағандар 26 млн теңгеден астам айыппұл төледі. Әкімшілік жауапкершілікке жүздеген жеке және заңды тұлға тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана әкімдігінің мәліметінше, бұзушыларды бейнебақылау камералары, ғарыштық мониторинг және тұрақты рейдтер арқылы анықтайды. Сонымен қатар осы кезеңде елорданың стихиялық қоқыс үйінділерінен 230 мың тоннадан астам қалдық шығарылды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Мәселен, Нұра ауданында абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 219 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 66-сы жеке, 153-і заңды тұлға. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 15 млн теңгеден асты. Сондай-ақ жыл басынан бері ауданда 64 учаске тазартылып, одан 96 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.

«Сарыарқа ауданында 96 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 71 заңды және 25 жеке тұлға бар. ҚР ӘҚБтК-нің 344-бабы бойынша 30 материал қарауға жіберілді. Салынған айыппұлдың сомасы 4 млн теңгеден асты. Бұдан бөлек, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 77 адам жауапкершілікке тартылып, айыппұл сомасы 1 млн теңгеден асты. Ауданда 19 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылып, 16 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды», — деді әкімдікте.

Ал Сарайшық ауданында қоқысты заңсыз тастағаны үшін 29 жүргізушіге жалпы сомасы 2 млн 100 мың теңге айыппұл салынды. Тағы 61 бұзушылық «Сергек» бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды. Олар бойынша 2 млн 359 мың теңге сомасында айыппұл салынды. Ғарыштық мониторингтің арқасында қалдықтарды заңсыз жинаудың 25 учаскесі табылып, тазартылды. Барлығы 35 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

«Байқоңыр ауданында жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 25 факті бойынша жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 16 жағдайда айыппұл салынса, тоғызында ескерту жасалды. Тағы 10 материал Астана экология департаментіне жіберілді. Айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн 422 мың теңгені құрады. Сонымен қатар 38 учаске тазартылып, одан 40 мың тоннадан астам қалдық шығарылды», — деді әкімдікте.

Есіл ауданында құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгетін жүргізушілерге ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері көлік жүргізушілеріне қатысты Экология департаментіне 70 материал жіберілді. Қарау қорытындысы бойынша 8 жүргізуші айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ғарыштық мониторинг көмегімен төрт учаскеде анықталған қалдықтарды заңсыз жинаудың барлық 19 орны жойылды. Барлығы 45 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

«Осылайша, жыл басынан бері елорданың стихиялық қоқыс үйінділерінен 230 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Аумақтарды тазартумен қатар аудандық әкімдіктер уәкілетті органдармен бірлесіп бұзушыларды анықтауды, рейдтер жүргізуді және заңсыз қоқыс үйінділерінің қайта пайда болуының алдын алуды жалғастыруда. Тұрғындар мен кәсіпкерлерге құрылыс және тұрмыстық қоқысты тек арнайы белгіленген орындарға шығару қажеттігі еске салынады. Қалдықтарды заңсыз тастағаны және жинағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», — деді әкімдікте.