Астанада 22 жастағы жігіт туған күніне арналған салют үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға ел астанасында болды: екі жас жігіт түн ортасында тұрғын үй кешендерінің бірінің тұрағы жанында салют атып жіберген. Тұрғындар шуға шағымданған соң, оқиға орнына полиция қызметкерлері келді.
«ҚР ІІМ жаңалықтары» Telegram-арнасында хабарланғандай, тәртіп сақшылары оқиғаға қатысушылардың жеке басын анықтады. Олар 21 және 22 жастағы жас жігіттер болып шықты.
«Тексеру барысында олардың бірі салютты досының туған күніне алып келгені белгілі болды. Жас жігіттер мерекені атап өту үшін пиротехникалық бұйымдарды атып жіберген. Алайда түнгі уақытта атылған салют тұрғындардың тыныштығын бұзды. Осы дерек бойынша 22 жастағы жігіт тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.
Полицияда оның сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынғанын атап өтті. Екінші жас жігіт те түнгі тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.


