Астана мен Ақмола облысының тұрғындарына ауа райының нашарлайтыны ескертіліп, жүргізушілерге бірқатар ұсыныс берілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Telegram-арнасында хабарлағандай, қазір Астана мен Ақмола облысында жаңбыр жауып, ауа температурасы нөлден жоғары тұр. Алайда кешке қарай суық түседі. Осыған байланысты жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.

Сондықтан тасжолға шығуды жоспарлаған жүргізушілерді ерекше сақ болуға шақырды. Сонымен қатар азаматтарға көлік қысқы шинамен жабдықталмаған болса, қала сыртына шығудан бас тартуға; қауіпсіз арақашықтықты сақтап, жол жабынының жай-күйіне қарай жылдамдық таңдауға; кенет тежеуден, қатар ауыстырудан және негізсіз басып озудан аулақ болуға қатты кеңес берді.

«Жолға шығар алдында бағыт бойынша ауа райы мен жол жағдайын нақтылау қажет. Көпірлер, жол өткелдері, төмен түсулер мен өрлеулер ерекше қауіп төндіруі мүмкін. Өз өміріңізге және жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне тәуекел етпеңіз», — деп жолдады «ҚазАвтоЖол» қазақстандықтарға.

Республикалық автожолдардың жай-күйі туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 нөмірі арқылы білуге болатыны атап өтілді.