Атырау облысында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің өңірлік департаментін басқарған Бауыржан Асаиновтың қайтыс болуына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бауыржан Асаиновтың қайтыс болғаны туралы мәлімет Атырау облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің Instagram парақшасында жарияланды.
«Жауапты қызметте жүріп, Бауыржан Адылханұлы өзіне жүктелген міндеттерді орындауға күш-жігерін арнады. (...) Оның кенеттен қайтыс болуы — әріптестері мен жақындары үшін орны толмас қаза», — делінген жарияланымда.
«Ақ Жайық» басылымы дереккөздерге сілтеме жасай отырып, 18 қазанда шенеуніктің өзі тұрған пәтерден өлі табылғанын хабарлады. Анықталған кезде дене сол жерде шамамен екі апта жатқаны болжанады.
NUR.KZ тілшісі Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне пікір сұрап хабарласты.
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу шараларының кешені жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді», — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінде.


