Үш жылдан астам уақытқа созылған кәмелетке толмаған қызды азаптау туралы қылмыстық іс одан әрі тергеу үшін қазақстандық құқық қорғау органдарына жіберілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Байқоңыр» кешені прокуратурасының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, қадағалау ведомствосы жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс материалдарын Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырды.

Әйел Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 117-бабы 2-бөлігінің «г» тармағында көзделген қылмысты жасады деп айыпталып отыр. Бұл — кәмелетке толмағаны көрінеу белгілі адамға жүйелі түрде ұрып-соғу не өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы дене немесе психикалық азап келтіру.

Анықталғандай, азаматша 2023 жылдан 2026 жылдың маусымына дейін кәмелетке толмаған қызға жүйелі және бірнеше рет өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін зорлық-зомбылық көрсетіп, ұрып-соққан және оған дене ауырсынуы мен психикалық азап келтіретін өзге де зорлық әрекеттерін жасаған.

Айыпталушы жасалған қылмыстағы кінәсін мойындамады.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған әйел Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан, оған қатысты қылмыстық іс қазақстандық құқық қорғау органдарына берілді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес аталған қылмыс үшін төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.