Қазақстан Бас прокуратурасы азаматтарды интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті: қылмыскерлер «Қазпошта» акционерлік қоғамының қызметкерлері ретінде танылып, сәлемдеме жеткізу туралы жалған хабарламалар таратуда. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қадағалау органының мәліметінше, 2026 жылғы 9 қарашадан бастап +212 6 12 82 15 27 шетелдік абоненттік нөмірінен алынған хабарламалар тіркелуде. Онда алушыларға сәлемдеме жеткізілетіні туралы ақпарат беріледі. Мұндай хабарламалар басқа да нөмірлерден келуі мүмкін.

Жеткізу мекенжайын нақтылау қажет деген сылтаумен азаматтарға қоса берілген сілтемеге өтіп, жетіспейтін мәліметтерді өз бетінше толтыру ұсынылады. Хабарламаны шынайы көрсету үшін сілтемеге өту тәртібі туралы нұсқаулық та жіберіледі.

Алайда сілтеме пошта қызметінің сервисін имитациялайтын жалған ресурсқа апарады. Оның көмегімен қылмыскерлер пайдаланушылардың жеке деректерін, оның ішінде тұрғылықты мекенжайлары мен басқа да құпия ақпаратты жинайды.

«Сәлемдеме жеткізу туралы хабарламаны имитациялайтын фишингтік интернет-ресурс пайдаланылды. Бұл пошта қызметінің ресми хабарламасы әсерін тудырып, пайдаланушыларды адастырды. Алаяқтық хабарламалардың мемлекеттік тілде жіберілуі ерекше қауіп төндіреді, өйткені ол сенімді арттырып, алушының сақтығын төмендетеді. Хабарламалар ресми-іскерлік стильде, пошта қызметінің хабарламаларын имитациялайтын тән тұжырымдар мен атрибуттарды қолдану арқылы рәсімделген. Нәтижесінде алушыларда хабарламаның шынайылығы туралы жалған әсер қалыптасып, зиянды сілтемелерге өту, жеке деректер мен ақша қаражатын қылмыскерлерге беру қаупі артады», — деп қосты қадағалау органында.

Ведомствода қазақстандықтарды цифрлық сақтық танытуға шақырды: күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз сайттарда жеке немесе банктік деректерді енгізбеу қажет. Пошта жөнелтілімдері туралы ақпаратты тек пошта қызметтерінің ресми арналары арқылы тексеру ұсынылады.