Батыс Қазақстан облысының тумасы 30 жыл бұрын топтық зорлауға ұшырағанын айтып, оқиға күтпеген жалғасын тапты: АҚШ-тан оның қызы табылып, туыстықты ДНҚ-тест растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

49 жастағы Наташа Қалымбетова ДНҚ-тест тапсыру үшін Америка Құрама Штаттарына аттанды. Әйелдің айтуынша, әуежайда оны қызы болуы мүмкін деген қыз қарсы алды. Алайда БҚО тумасы қызды бейнежазбаға түсірмеді: ол АҚШ азаматы, сондықтан сот процестері аяқталғанша оның бет-әлпетін жарияламайтынын түсіндірді.

«Оны әуежайда көргенде, бірден қызым екенін түсіндім. Өйткені мен оны өзім босандым, оның көзқарасын, әрбір жасушасын, қасын, тырнағын білемін. Қазір ол бұрынғыдай кішкентай, нәзік, жұмсақ. Алғашқы екі күні сөйлесу қиын болды, өйткені менталитетіміз мүлдем бөлек. Үшінші күні бәрін ашық сөйлестік. Ол мен туралы барлық ақпаратты біледі», — деді Наташа Қалымбетова.

Белгіленген күні зерттеу нәтижелері белгілі болды: тест 99,9% туыстықты көрсетті. Әйелдің айтуынша, енді ол қызын Таиландтағы ұлымен таныстырмақ, кейін оны Қазақстанға да әкелмек. Наташа Қалымбетова өзіне алаңдаған жерлестеріне шын жүректен алғыс айтты.

«Енді біз әрқашан бірге боламыз. Міне, бақыт осы», — деп қорытындылады әйел.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс бойынша барлық қажетті сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді. Алайда тергеу барысын жария етпеді.

Еске салайық, бұған дейін TikTok қолданушысы қорқынышты оқиғасымен бөліскен еді. Оның айтуынша, 30 жыл бұрын оны төрт ер адам зорлаған болуы мүмкін. Ол кезде ол 17–18 жаста болатын, Батыс Қазақстан облысының ауылында тұрған. Оқиғадан кейін ол Оралға көшіп, қыз босанған, бірақ оны сәбилер үйінде қалдыруға мәжбүр болған. Біраз уақыттан соң әйел кішкентай ұлымен бірге елден кетіп, Вьетнамда тұрған.

Оның арызына Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінде жауап берілді. Ведомство осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.