Бразилия Сенаты жұмыс аптасын 44 сағаттан 40 сағатқа қысқартып, қызметкерлерге екі демалыс күнін беретін конституцияға түзетуді қолдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжатты қабылдау үшін 76 сенатордың 75-і дауыс берді. Бұған дейін Бразилияда толық жұмысбастылық аптасына 44 сағат және бір міндетті демалыс күні деп есептелген. Жаңа ереже елдегі жұмыс кестесін АҚШ пен басқа да ірі экономикалардың стандарттарына теңестіреді.
Өзгерістер біртіндеп күшіне енеді: 60 күннен кейін шектеу 42 сағатқа, ал тағы бір жылдан соң 40 сағатқа төмендейді.
Парламенттің төменгі палатасы бұл бастаманы мамыр айында-ақ мақұлдаған. Заң жобасын елдің қазіргі президенті де, оның басты саяси қарсыласы да қолдады. Бразилияның еңбек заңнамасына мұндай түзетулер 1988 жылдан бері енгізілмеген, сол кезде стандартты жұмыс уақыты 48 сағаттан 44 сағатқа қысқартылған болатын.
Қосымша демалыс күні азаматтарға отбасына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Компаниялар мен жұмыс берушілер жұмыс көлемін сақтап қалу үшін ауысым кестелерін қайта құруға немесе қосымша қызметкерлерді жалдауға уақыт алды.


