Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде жоспардан тыс тексеру бастады. Бұған әлеуметтік желілерде тараған жалған медициналық құжаттар рәсімделуі мүмкін деген мәліметтер себеп болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тексеру қорытындысы бойынша бұзушылықтар расталса, уәкілетті органдардың құзыреті шегінде тиісті шаралар қолданылады.

«Денсаулық сақтау министрлігі еске салады: Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, сондай-ақ көрінеу жалған құжаттарды пайдалану үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Медициналық құжаттар тек белгіленген талаптарға сәйкес нақты жүргізілген медициналық тексерулер мен зерттеулердің нәтижелері бойынша рәсімделуі тиіс. Мұндай құжаттарды белгіленген тәртіпті айналып өтіп рәсімдеу мен пайдалануға жол берілмейді. Жауапкершілік құжаттарды заңсыз рәсімдейтін адамдарға ғана емес, жалған анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарын біле тұра сатып алатын немесе пайдаланатын азаматтарға да жүктелуі мүмкін», — делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тиісті медициналық негіздерсіз анықтама немесе еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу туралы ұсыныстарға келіспеуге, медициналық ұйым қызметінің заңдылығын тексеруге және анықталған бұзушылықтар туралы құзыретті органдарға хабарлауға шақырады.

Ведомство еңбекке жарамсыздық парағын алу бизнес-процесіне реинжиниринг жүргізілгенін де мәлімдеді: еңбекке жарамсыздық парағы медициналық ұйым қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен медициналық ақпараттық жүйеде қол қойылғаннан кейін беріледі, осылайша құжаттың заңдылығы расталады. Еңбекке жарамсыздық парақтарының ашылуы туралы деректер азаматтың келісімімен жұмыс берушіге жіберіледі. hr.enbek.kz порталына жұмыс берушіге еңбекке жарамсыздық парағының ашылуы мен ұзартылуы туралы ақпарат түседі. Қызметкер үшін еңбекке жарамсыздық парағы Enbek HR мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болады.

Электрондық медициналық құжаттар медициналық тексерулерден өтуде, дәрігерлік комиссиялардың қорытындыларын алуда, уақытша еңбекке жарамсыздықты рәсімдеуде, мүгедектікті анықтау рәсімдерінен өтуде, санаторий-курорттық емделуді алуда, балаларға медициналық құжаттарды рәсімдеуде, жұмысқа орналасуда, сондай-ақ мемлекеттік органдарға және басқа ақпараттық жүйелерге мәліметтер ұсынуда пайдаланылатыны атап өтілді.