Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі көлік құралын басқаруға медициналық көрсеткіштері бойынша жіберілген немесе медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды автоматты тіркеу және есепке алу қағидаларының жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жария талқылауға шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұйрық жобасына сәйкес медициналық тексеру нәтижелері туралы мәліметтер медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен мемлекеттік цифрлық денсаулық сақтау жүйесіне автоматты түрде беріліп, азаматтар қосымша өтініш бермей-ақ жаңартылып отырады.

«Уәкілетті органдарға жүргізушілердің медициналық рұқсаты, рұқсат етілген көлік құралдары санаттары және қорытындылардың қолданылу мерзімі туралы ақпарат дербес медициналық деректердің құпиялылығын сақтай отырып ұсынылатын болады», — делінген құжатта.

Денсаулық сақтау министрлігінде жобаны іске асыру әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Бұйрық жобасы 10 қарашаға дейін жария талқылауда тұр.

Бұған дейін 25 тамыздан бастап Қазақстанда 65 жастан асқан жүргізушілер, сондай-ақ мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет медициналық тексеруден өтуге міндетті екені хабарланған болатын.