Қазақстанда жылу маусымы қалыпты режимде өтіп жатыр. Барлық тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілді, ал жылу желілерінің тозуын 48%-ға дейін төмендетуге қол жеткізілді. Бұл туралы үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство дерегінше, биыл жөндеу науқанын қаржыландыру 27%-ға ұлғайтылған. Энергетиктер 8 энергоблокты, 49 қазандықты, 37 турбинаны, 17 мыңнан астам шақырым электр беру желісін және 377 шақырым жылу трассасын жөндеп шықты. Осының арқасында электр станцияларының тозуы 52%-ға, ал жылу желілерінің тозуы 48%-ға төмендеді.

«Ағымдағы жылу маусымы қалыпты режимде өтіп жатыр, барлық тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілді. Қалған жөндеу жұмыстары резервтік жабдықта жүргізіліп жатыр және жылу беруге әсер етпейді. Өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6%-ға, ал электр станциялары бойынша 8%-ға азайды», — деді Ерлан Ақкенженов.

ЖЭО мен МЖЭС қоймаларында 5,8 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталған, бұл нормативтерге толық сай келеді. Өңірлерге сондай-ақ 255 мың тонна әлеуметтік мазут жөнелтіліп жатыр, ал станциялар алдындағы жалпы дебиторлық берешек 11%-ға азайып, 72 млрд теңгеге төмендеді. Министр жеке сектор үшін көмір тапшылығына жол бермеуді бөлек тапсырды.

«Халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың ағымдағы маусымға көмірге деген қажеттілігі жоспары 7,3 млн тоннаны құрайды. Бүгінде өңірлер 4,5 млн тонна, яғни 62%-ын дайындап қойды. Осыған байланысты әкімдіктер көмір дайындауды қамтамасыз етіп, өңірлерде жасанды ажиотаж туындауына жол бермеу үшін барлық шараны қолдануы қажет», — деп атап өтті ҚР Энергетика министрлігінің басшысы.

Сонымен қатар өткен жазда Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында қалалардағы ең ескі желі учаскелері жаңартылды.

«Степногорскіде 53 жыл пайдаланылған 9,5 шақырым жылу желісі қайта жаңартылды. Талдықорғанда 46 жыл қызмет еткен қаланың 3,5 шақырым негізгі жылу магистралі жаңартылды, ал Петропавлда 1980 жылғы екі магистраль учаскесі жаңартылды. Қарағандыда тозуы 81% жылу магистралін және тозуы 92% Қарағайлы электр беру желісін ауыстыру аяқталды. Барлық жобада отандық өндірістің заманауи энергия тиімді құбырлары пайдаланылды», — деді министр.

Сондай-ақ биыл Астанада 30 мыңнан астам абонент қосылған 14 шақырым тарату электр желісі және Батыс Қазақстан облысындағы әуе желілері қайта жаңартылды. Елдегі барлық энергия нысандарында материалдардың апаттық қоры құрылып, жөндеу бригадалары кезекшілік етіп жатыр.