Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің алдын ала дерегінше, Эр-Риядтағы шабуылдар салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сауд Арабиясы астанасындағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға бірнеше зымыран соққысы мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы жасалды. Шабуылдарға жауапкершілікті йемендік хуситтер өз мойнына алды.
Соңғы жаппай шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында Сауд Арабиясы, Бангладеш, АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Судан азаматтары бар.
Инфрақұрылымның зақымдалуына байланысты әуежай жұмысы уақытша тоқтатылып, рейстер басқа аймақтарға бағытталды. Хуситтер Сауд Арабиясының әуе кеңістігін әскери операциялар аймағы деп жариялады.
Ірі халықаралық тасымалдаушылар ұшу бағдарламаларын жаппай өзгерте бастады. Мәселен, Lufthansa Эр-Риядқа ұшуын 2026 жылғы 16 қазанға дейін толық тоқтатты, ал Air India сауд астанасына рейстерін жойды.
Бұған дейін «Курсив» Сауд Арабиясы 12 адамның өліміне және 300-ден астам адамның жарақатына әкелген зымыран шабуылынан кейін Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайдың жабылуын ұзартқанын жазған. Associated Press дерегінше, әуежай кемінде 11 қазан кешіне дейін жабық қалады. Соққыны Иран қолдайтын йемендік хуситтер жасаған деп болжануда.


