Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі ескі автомобильдерді кәдеге жаратуға қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мәлімдемеге кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандықтар ескі көліктерін кәдеге жаратуға өткізіп, жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификаттарын ала алады деген хабарламалардың таралуы себеп болды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» акционерлік қоғамы түсініктеме беруді қажет деп тапты.
Ведомство пайдаланудан шыққан көлік құралдарын жеңілдік сертификаттарын берумен кәдеге жарату бағдарламасы аясында қабылдау әзірге жүзеге асырылмайтынын атап өтті.
Министрліктің айтуынша, жарияланымдарға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 6 қазандағы бұйрығының бекітілуі себеп болған. Бұл бұйрық көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникасын кәдеге жаратуға өткізілгенін растайтын құжаттарды беру қағидаларын, сондай-ақ жеңілдік сертификаттарын беру және пайдалану тәртібін айқындайды.
«Аталған бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның іс жүзінде іске қосылғанын және автомобильдерді кәдеге жаратуға қабылдаудың басталғанын білдірмейтінін атап өтеміз. Құжат бағдарламаны жүзеге асырудың құқықтық тетіктерін, атап айтқанда, жеңілдік сертификаттарын беру тәртібі мен шарттарын, отандық өндірістің көлік құралдары мен ауылшаруашылық техникасын сатып алу кезінде беру (қайта тіркеу) және пайдалану тәртібін белгілейді», — делінген Экология министрлігінің мәлімдемесінде.
Бұйрық 2026 жылғы 25 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі. Алайда ведомство атап өткендей, бұл күн көлік құралдарын қабылдау мен жеңілдік сертификаттарын берудің басталғанын білдірмейді.
«Пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауылшаруашылық техникасын кәдеге жаратуға өткізу тәртібі Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 332 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен реттеледі. Осы Қағидалар аясында қазіргі уақытта «Жасыл даму» АҚ пайдаланудан шыққан көлік құралдарын қабылдауды және одан әрі кәдеге жаратуды қамтамасыз ететін қайта өңдеушілерді іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр», — делінген мәлімдемеде.
Қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті шарттар жасалғаннан кейін бағдарламаның іске қосылу мерзімі, қатысу шарттары және қабылдау пункттерінің мекенжайлары туралы ақпарат Министрліктің және «Жасыл даму» АҚ ресми ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланатыны атап өтілді.


