Британдық «Хендон» футбол клубының жартылай қорғаушысы Эзекиль Уильямс 2 қарашада 26 жасында өмірден өтті. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
«Хендон» өз мәлімдемесін команданың Instagram парақшасында жариялады. Онда клуб футболшының өлімін кенеттен және қайғылы оқиға деп атады.
«Жартылай қорғаушы Эзекиль Уильямстың кенеттен және қайғылы түрде өмірден өткені туралы хабарды естіп, қатты шошыдық және қайғырып отырмыз. Ол кеше күндіз 26 жасында дүниеден өтті. Эзе — қарапайым, талапсыз әрі жомарт, зерек адам еді, клубқа қыркүйекте қосылды. Ол командада тез арада көпшіліктің сүйіктісіне айналып, еңбекқорлығы мен адалдығын көрсете отырып, жартылай қорғаныстағы орнын иелене бастады — бұл қасиеттер оның мінезін толық айқындайтын. Небәрі 10 күн бұрын ол клуб сапындағы алғашқы голын «Джерси Буллз» командасына қарсы матчта соқты», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар клуб ертеңгі «Вудфорд Таунға» қарсы Лондон кубогы (London Senior Cup) матчының кейінге шегерілгенін атап өтті.
Бұған дейін Испания екінші дивизионының матчы қайғылы жағдаймен аяқталғаны хабарланған: «Тенерифе» шабуылшысы Хесус де Мигель ойын барысында есінен танып, ауруханада көз жұмды.


