Үндістанда күріш тиелген жүк көлігі Шитла Мата ғибадатханасының маңында қажылар тобына соғылды — 12 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Қайғылы оқиға діни фестиваль кезінде сенушілер ғибадатханаға бет алған түнде болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жергілікті ANI News ақпарат агенттігі полиция деректеріне сілтеме жасап, Чинор елді мекені жағынан келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі тік беткейде рөлге ие бола алмағанын хабарлады. Салдарынан ауыр жүк көлігі полиция қоршауын бұзып өтіп, адамдарды қағып кетті, кейін ғибадатхана қабырғасына соғылды.
Полиция бұл учаскеде ауыр көлік құралдарының қозғалысы шектелгенін атап өтті. Соған қарамастан, әзірге белгісіз себептермен күріш тиелген жүк көлігі қажылар тобына кіріп кетті. Оқиға орнында күзетте тұрған екі полицей де жарақат алды.
Ручика округі әкімшілігінің басшысы Чаухан жергілікті ауруханаларға 39 зардап шегуші жеткізілгенін, оның 12-сі қаза тапқанын растады. Шенеуніктің айтуынша, бірнеше зардап шегушінің жағдайы ауыр.
Сонымен қатар жергілікті билік діни фестиваль кезінде орнатылған бекеттерден жүк көлігінің қалай өтіп кеткенін анықтау үшін тергеу бастады.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза тапқандардың отбасыларына 2 лакх рупий (200 мың рупий) көлемінде өтемақы және зардап шегушілерге Табиғи апаттардан қорғау ұлттық қорынан (PMNRF) қаржылай көмек бөлінетінін мәлімдеді.


