Қазақстандық «Қайрат» УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңі екінші турында грек «Панатинаикосымен» Алматының Орталық стадионында кездесіп, 1:5 есебімен ұтылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қонақтар есепті 6-минутта ашты: аргентиналық жартылай қорғаушы Висенте Таборда көзге түсті. Кейін нигериялық шабуылшы Сирил Дессерс дубль жасады — 24-минутта ол пенальтиді дәл орындаса, 47-минутта ойын барысында гол соқты. «Панатинаикостың» құрамында тағы бір допты замбиялық хавбек Кингс Кангва (57-минут) пен македониялық шабуылшы Эльмин Растодер (75-минут) енгізді.
Алаң иелерінің жалғыз голын қазақстандық вингер Исмаил Бекболат 79-минутта соқты, оған ұлттық құрама қорғаушысы Александр Широбоков ассистенттік жасады.
Бұл жеңіліс «Қайрат» үшін Конференциялар лигасындағы алғашқысы болды. Латвиялық «Ригамен» тең ойыннан кейін алматылықтардың еншісінде бір ұпай бар, олар 22-орында тұр, алайда тур қорытындысы бойынша төмен қарай түседі. «Панатинаикос» алты ұпаймен кестенің басына шықты.
Конференциялар лигасының үшінші турында «Қайрат» сырт алаңда италиялық «Аталантамен» кездеседі. Бергамодағы матч қазақстандық уақытпен 5 қазанда 22:45-те басталады.
Конференциялар лигасының жалпы кезеңі алты турға есептелген. 36 команданың ішінен үздік 24-і плей-офф кезеңінде күресін жалғастырады.


