Калифорния жағалауынан шамамен 32 шақырым жерде Тынық мұхитының суында 9 сағат бойы қалқып жүрген круиз кемесінің пианисі құтқарылды. АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Royal Caribbean компаниясының қызметкері кемеден құлап кеткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жұма күні екі балықшы оны Каталина аралының маңынан тауып алған. Би-би-си-дің америкалық серіктесі Си-би-эс ньюстің дерегінше, ресми тұлғалар ер адамның мұхитта тоғыз сағатқа дейін болуы мүмкін деп есептейді.

«Мен: „Иә, бұл адам ғой. Кемені тоқтат, барлық арқандарымызды жинайық“, — дедім», — деп келтіреді басылым Грант Гарреттің сөзін. Ол Шон Нортонмен бірге адамды байқаған сәтті еске алды.

Әзірге есімі аталмаған ер адам ауруханаға жеткізілді, оның жағдайы тұрақты. Бұл туралы Би-би-си-ге АҚШ жағалау күзеті қызметі хабарлап, оқиғаны тергеп жатқанын қосты.

Балықшылардың айтуынша, ер адам өзін «Ovation of the Seas» атты 14 палубалы круиз кемесінің пианисі ретінде таныстырған. «Ол маған тек: „Рақмет. Мен өлемін деп ойладым“, — деді», — деп еске алды Нортон.

Жағалау күзеті қызметі мәлімдемесінде судан есі ауыспаған адамды алып шыққан «жақсы самариялықтан» хабар алғанын жеткізді. Оның сөзінше, адам Ньюпорт-Бич құтқарушыларына тапсырылды, олар оның «Ovation of the Seas» кемесінің қызметкері екенін растады.

Құтқарушылардың болжамынша, ер адам шамамен 02:30-да кемеден құлап кеткен, яғни ол табылғанға дейін тоғыз сағаттай уақыт өткен. «Бұл шамамен 15–20 миль алыста, мұхиттың дәл ортасында болды», — деді Ньюпорт-Бич құтқару батальонының бастығы Адам Ясенда Си-би-эс-ке.

Нортон ер адамның аман қалуын мұхит суының әдеттен тыс жылы болуымен байланыстырды. «Биыл алапат күшті Эль-Ниньо жылы. Бұл адам суда шамамен 10 сағат болды, ал судың температурасы 76 градус», — деді ол, бұл шамамен 24 градусқа тең. «Басқа жылы оның аман қалуы мүмкін емес еді», — деп қосты Нортон.

Тынық мұхитын бақылап отырған ғалымдардың дерегінше, қазір дамып келе жатқан Эль-Ниньо климаттық құбылысы тіркелген тарихтағы ең күштісі болып отыр, мұхит суының температурасы орташадан 3,05 градусқа жоғары.

Royal Caribbean Group компаниясының өкілі Би-би-си-ге берген мәлімдемесінде: «Осы қиын сәтте біз экипаж мүшесіне қолдау мен көмек көрсетіп жатырмыз. Қызметкеріміздің жеке өмірін құрметтеу үшін қосымша мәлімет бөлісе алмаймыз», — деді.