Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға байланысты ел азаматтарына үндеу жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Усенов Сауд Арабиясында жүрген қазақстандықтарға арналған ұсынымдарды жариялады. Мәлімдемеге корольдіктің азаматтық нысандарына жасалған шабуылдар себеп болды.

Ведомство сақтық шараларын күшейтіп, жергілікті биліктің нұсқауларын ұстануға шақырды. Азаматтарға аса қажеттіліксіз әуежайларға барудан бас тарту, рейстердің мәртебесін әуекомпаниялардан алдын ала нақтылау ұсынылды. Сондай-ақ адам көп жиналатын орындар мен қауіптілігі жоғары нысандардан аулақ болу, мүмкіндігінше шұғыл емес сапарларды кейінге қалдыру керек.

Төтенше жағдайлар туындаған кезде азаматтарды Эр-Риядтағы Қазақстан Республикасының елшілігіне немесе Жиддадағы ҚР Бас консулдығына жүгінуге шақырды. Жедел байланыс үшін телефондар көрсетілген: +966 55 663 01 77 (Эр-Риядтағы консул) және +966 53 275 80 80 (Жиддадағы консул).

Бұған дейін Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуыл салдарынан кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алғаны хабарланған. Оқиғаға нысанға зымыран атқан йемендік хуситтердің жауапты екені айтылып отыр.

Қаза тапқандардың арасында Сауд Арабиясының төрт азаматы, Бангладештің екі азаматы, АҚШ-тың бір азаматы, бір мысырлық, бір иорданиялық, бір сириялық, бір палестиналық және бір судандық бар. Жарақат алғандардың кейбіреуінің жағдайы ауыр.

СІМ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлады. Сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының азаматтық нысандарына жасалған, адам шығынына әкеп соққан хуситтердің шабуылдарын қатаң айыптады.