Непал мен Тибеттегі табиғат апатынан кейін хабар-ошарсыз кеткен үш қазақстандық әйелдің бірі Қазақстан аумағынан табылды. Белгілі болғандай, ол осы уақыт бойы үйінде болған. Қалған екі отандасымыздың тағдыры әзірге белгісіз, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған дейін хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде үш турист әйел болған: екеуі — Непалда, біреуі — Қытайдың Тибет автономиялық ауданында. Непалда болуы мүмкін деген әйелдердің бірімен байланыс орнату мүмкін болды.
«Қалған екі отандасымыздың қазіргі тұрған жері анықталмады. Олардың туыстары ықтимал сәйкестендіру үшін қажетті рәсімдерден өтті, оның ішінде Непал мен ҚХР құзыретті органдары белгілеген тәртіпке сәйкес ДНҚ-талдау үшін биологиялық материал тапсырды», — деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Усенов.
Непал тарапының дерегінше, елдегі іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталды. Қазір зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Табылған сүйек қалдықтары мен жеке заттар одан әрі сәйкестендіру үшін тапсырылуда.
Тибетте іздеу жұмыстары ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде жалғасуда. Қытай тарапы да сүйек қалдықтарын сәйкестендіріп, генетикалық сараптама жүргізуде.
Қазақстандық дипломаттар хабар-ошарсыз кеткендердің отбасыларымен байланыс ұстап, оларға көмек көрсетуде. Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Непал мен Тибеттің шекаралас аудандарына су тасқыны 26 тамызда келді. Associated Press агенттігінің дерегінше, Непалда кемінде 1 455 адам қаза тапты, тағы 5 285 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Қытай тарапында 43 өлім расталып, 519 адамның тұрған жері белгісіз болып отыр.


