Үндістанда ұсталған танкер бортындағы қазақстандық теңізші жақын арада кемеден түсіп, елге орала алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Сыртқы саяси ведомствоның баспасөз қызметі нақтылағандай, Үндістанның Парадип портында ұсталған MT UNITY кемесі экипажының құрамындағы Қазақстан азаматы жақын арада жағаға шығып, қонақүйге орналастырылады. Одан кейін ол Үндістан аумағынан кетеді.

СІМ қазақстандық дипломаттар азаматына консулдық қолдау көрсетуді жалғастырып жатқанын атап өтті. «Жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында», — деді баспасөз қызметінде.

Еске салайық, қыркүйекте Камерун туымен жүзген танкер Үндістанның Парадип порты маңында тұтқындалғаны белгілі болды. Кеме жүк операциялары аяқталған соң, кеме иесіне қойылған қаржылық талаптар аясында, мамыр айында ұсталған еді. Сол кезде бортта 20 Ресей азаматы, сондай-ақ бір Қазақстан азаматы мен екі Мысыр азаматы болғаны анықталды. Калькуттадағы Ресей Бас консулдығы тұтқындалған мұнай танкеріне жөндеу қажет екенін, оның жүзуін жалғастыра алмайтынын нақтылады.

Қыркүйекте мамыр айында Үндістанда ұсталған танкер бортында Қазақстан азаматының бар екені туралы ақпарат шыққан соң, ҚР СІМ нота жіберілгенін атап, мәлімдеме жасады. Ал 9 қазанда сот Үндістанды Unity танкері экипажын репатриациялауды ұйымдастыруға міндеттеді.