8 қараша күні кешке Алматының құтқару қызметтеріне Көк-Жайлау шатқалы маңында 16 жастағы үш қыздың жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Жасөспірімдер тауға шыққан, бірақ кешке үйге оралмаған: ұялы телефондары өшіп тұрған, ал соңғы геолокация шамамен 2 200 метр биіктіктегі Көк-Жайлау ауданын көрсеткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іздеуге Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мониторинг және жедел ден қою орталығының бес құтқарушысы аттанды. Алайда 20:45-те қыздардың таудан өз бетімен түсіп кеткені туралы ақпарат келіп түсті. Іздеу жұмыстары тоқтатылды.
Бақытымызға орай, бұл оқиға аман-есен аяқталды. Сонымен қатар ол таудағы қауіпсіздіктің маңыздылығын еске салады, әсіресе тауға келушілер санының қарқынды өсуі мен құтқару қызметтеріне түсетін жүктеменің артуы жағдайында.
Қауіпсіздік мәселелері Алматының таулы аумақтарын кешенді дамыту аясында ерекше өзектілікке ие болып отыр. Атап айтқанда, Көк-Жайлау шатқалы маңында заманауи төрт мезгілдік тау курортын құруға және біртұтас тау кластерін дамытуға бағытталған Almaty Superski жобасын іске асыру көзделіп отыр.
Алматы тауларын кешенді дамыту, оның ішінде Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобасы көлік байланыстарын, көтергіш жүйелерді, инженерлік желілерді, ұйымдастырылған кіру нүктелерін және туристік қызмет көрсету нысандарын құруды көздейді.
Мұндай инфрақұрылым таулы аумақтардың туристік тартымдылығын арттыруға ғана емес, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де маңызды. Ұйымдастырылған маршруттар мен кіру нүктелері туристерге жергілікті жерде жақсы бағдарлануға, ал құтқару бөлімшелеріне жұмысты тиімдірек жоспарлап, ықтимал оқиға орындарына жедел жетуге көмектеседі, деп қорытындылады әкімдікте.


