Қазақстандық азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылған кезде банк займдары мен микрокредиттер бойынша төлемдерден қызметтің бүкіл кезеңіне және ол аяқталғаннан кейінгі 60 күнтізбелік күнге босатылады. Жеңілдік шақыруға дейін мерзімі өтіп кеткен займдарға да қолданылады, ал банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгінудің қажеті жоқ — тетік автоматты түрде істейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің еске салуынша, жеңілдік кезеңінде негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдер тоқтатылады, ал пайыздар есептелмейді. Өтініш берудің де, әскери комиссариаттан анықтама алудың да, кредитормен қосымша келісім жасасудың да қажеті жоқ: қажетті ақпараттың барлығын банктер мен микроқаржы ұйымдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен алады.

Егер кредит бойынша мерзімі өтіп кету шақыруға дейін туындаса, берешек жоғалмайды, алайда мерзімді қызмет өткеру кезеңінде өндіріп алу рәсімдері тоқтатыла тұрады. Соған қарамастан мерзімді әскери қызметшілерге кредиттік міндеттемелерін тексеріп, қажет болса берешекті реттеу шараларын қолдануға кеңес беріледі.

2025 жылғы 31 тамыздан бастап мерзімді әскери қызметшілерге жаңа банк займдары мен микрокредиттер беруге тыйым салынған. Өтінімді қарау кезінде банк немесе микроқаржы ұйымы азаматтың кредиттік есебін тексереді: онда адамның мерзімді әскери қызметте екені көрсетілсе, оған жаңа займ беруден бас тартылады.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 30 мың әскери қызметші 7,5 млрд теңгеге займ бойынша жеңілдік алды. Жалпы алғанда, бұл тетік пайда болғаннан бері оны 82,1 мың мерзімді әскери қызметші пайдаланды, ал олардың займдарының сомасы 23,5 млрд теңгені құрады.

Айта кету керек: жеңілдік қарызды есептен шығаруды білдірмейді. Ол аяқталғаннан кейін қарыз алушы бәрібір кредит бойынша төлеуге міндетті.

Бұған дейін мыңдаған қазақстандық әскери қызметшінің өздеріне тиесілі кредиттік жеңілдікті алмағаны хабарланған. Алайда іске әскери прокуратура араласқан соң мәселе шешілді. Сондай-ақ қазақстандықтар жеңілдіктің берілмеуіне өздері де шағымдана алатынын еске саламыз.