«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған деген күдікпен ұсталғандардың қатарында болып шықты. Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлап, еліміздің екі ірі ұлттық компаниясының басшылары ұсталғанын нақтылады, деп жазады infohub.kz сайты.
ҰҚК бұған дейін істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді.
Айта кетейік, Елжас Отыншиев ҚТЖ басшысы қызметіне 2026 жылдың шілдесінде тағайындалған. «Самұрық-Қазына» мәліметінше, Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтында «Жалпы және қолданбалы физика» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінің кеңесшісі болып бастады. 2009–2019 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ-да және оның еншілес компанияларында жұмыс істеді.
2021–2023 жылдары KIDF-те басшылық лауазымдарда еңбек етіп, инвестициялық портфельді басқаруға жетекшілік жасады.
2023 жылдың сәуірінен бастап осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры — басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда Қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да секторлардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды.
2024 жылдың ақпанынан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы — «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


