Мысық күйіндегі 22 593 физикалық кубиттен тұратын кванттық жүйе 2048 биттік RSA шифрлау кілтін теория жүзінде 3,14 күнде факторлай алады. Бұл тұжырымды француздық Alice & Bob компаниясының мамандары Цифрлық ғылымдар мен технологиялар ұлттық зерттеу институтының (Inria), Францияның Атомдық және баламалы энергия түрлері жөніндегі комиссариатының (CEA) және Эдинбург университетінің зерттеушілерімен бірлесіп жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ғылыми жұмыс Халықаралық криптологиялық зерттеулер қауымдастығының ашық архивінде (IACR Cryptology ePrint Archive) препринт ретінде жарияланды. ScienceAlert басылымы атап өткендей, сөз деректерді қорғаудың әдеттегі стандарттары үшін мүлде басқа ауқымдағы қауіп туралы болып отыр.
RSA-2048 шифрлауы қазіргі интернет қауіпсіздігінің негізінде жатыр: ол онлайн-банкингті, электрондық поштаны және цифрлық қолтаңбаларды қорғайды. Стандарт алып сандарды жай көбейткіштерге жіктеудің есептеу күрделілігіне сүйенеді. Оны бұзу үшін Питер Шор алгоритміне қуатты кванттық ресурстар қажет.
Бұған дейін сарапшылар мұндай міндетке миллиондаған трансмондық кубит қажет болады деп болжаған, алайда 22 593 физикалық кубитке негізделген оңтайландырылған архитектура талапты шамамен 40 есе қысқартты. Осындай он машинаны біріктіргенде кілтті бұзу уақыты бір сағат 15 минутқа дейін қысқаруы мүмкін.
Авторлар сондай-ақ Bitcoin желісінің эллипстік қисықтарға (secp256k1) негізделген криптографиялық қорғанысының осалдығын бағалады. Алгоритмді бұзуға 29 588 кубит пен шамамен 62 минут қажет болады, бұл блоктардың қалыптасуының 10 минуттық интервалынан әлдеқайда ұзақ, сондықтан транзакциялар әзірге қорғалған күйде қалып отыр.
Ғалымдар есептеулердің таза теориялық екенін атап өтеді: мұндай ауқымдағы кванттық жүйелер бүгінде жоқ. Калифорния технологиялық институтының ең үлкен эксперименттік массиві 6100 лазерлік кубиттен тұрады, бірақ ол жұмыс істейтін процессор емес. Мамандар IT-секторға посткванттық криптографияға алдын ала көшуге кеңес береді.


