Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге және докторантураға кіру емтихандарына өтініш қабылдау 28 қазанда басталып, 10 қарашаға дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қабылданады. Ведомствоның нақтылауынша, шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтары бойынша бейіндік магистратураға түсушілерден құжаттарды жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары осы жылдың 28 қазанынан 10 қарашасына дейін қабылдайды.

Тестілеудің өзі қараша–желтоқсан айларында өтеді. Тіркелу кезінде түсуші тестілеу тапсыратын қаланы өзі таңдайды. Білім беру бағдарламаларының тобы, тестілеу тілі мен қаласы бойынша өтінішке өзгерістерді өтініш қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін — 10 қарашаға дейін енгізуге болады.

«Өтініш қабылдау базасы жабылғаннан кейін таңдалған білім беру бағдарламаларының тобы мен тестілеу тапсыратын қала өзгертілуге жатпайды. Тестілеу күні туралы ақпарат 13 қарашада түсушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады», — деп түсіндірді Ғылым және жоғары білім министрлігінде.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіліп, үш блоктан тұратыны атап өтілді: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындықты анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Тестілеуге 3 сағат 55 минут бөлінеді.

Шекті балл — 75 балл, оның ішінде шет тілі бойынша — кемінде 25 балл, оқуға дайындықты анықтауға арналған тест бойынша — кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бірінші бейіндік пән бойынша — кемінде 7 балл, екінші бейіндік пән бойынша — кемінде 7 балл.

Бейіндік магистратураға түсуді қалағандар тек білім беру бағдарламалары топтарының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл 30 баллды құрайды, оның ішінде бірінші бейіндік пән бойынша — кемінде 7 балл, екінші бейіндік пән бойынша — кемінде 7 балл.