Маңғыстау облысының Қарақия ауданында Каспий теңізінің жағалауынан 170-тен астам бекіре өлексесі табылды. Олар жағалау бойымен 15 шақырымға созылып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өлекселер 20 қазанда «Өмір глэмпинг» демалыс базасынан Құмды мүйіске дейінгі, одан әрі Құрық портына дейінгі жағалау аймағын тексеру барысында табылды. Өлген балықтар әртүрлі шіру сатысында болған.
Табылған өлекселер туралы ақпарат Қарақия ауданының 102 қызметіне, Маңғыстау облысының экология басқармасына және жергілікті атқарушы органдарға жіберілді. Қазіргі таңда мамандар биоматериал мен теңіз суының сынамаларын алып жатыр. Сондай-ақ өлген балықтарды жинау, тасымалдау және кәдеге жарату шаралары қолданылуда.
Бекірелердің өлу себептері ұсынылған ақпаратта көрсетілмеген. Болған жағдайдың мән-жайы тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша анықталады.
Рейдті бүгін түске дейін Маңғыстау облысының балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары мен өңірдің балық шаруашылығы басқармасының жануарлар дүниесін қорғау қызметінің инспекторлары жүргізді.
«Барлық өлі балық — 173 дана — бір жерге шоғырланбай, ұзындығы 15 шақырым алаңға шашылған, кей жерде үш-төрт данадан, кей жерде одан да көп. Табылған бекіре тұқымдас балықтардың өлекселері табиғи мумификация сатысында (толық кепкен). Осыған байланысты гистологиялық және токсикологиялық талдау үшін жұмсақ тіндерден сынама алу мүмкін емес. Сондықтан балықтың өлу себебін анықтау мүмкін болмай отыр. Көзбен қарау кезінде балықтардың денесінде балық аулау торларының іздері, сондай-ақ ілмекті құралдан ауыз қуысындағы тесіктер болмады», — деп түсіндірді балық инспекциясы басқармасында.


