Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Францияның Анже қаласында өткен Халықаралық коньки тебушілер одағының (ISU) Гран-приінің бірінші кезеңіндегі өнерін бағалады. Олимпиада чемпионы қысқа және еркін бағдарламаларда бірнеше қателік жіберді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жарыс қорытындысы бойынша Шайдоров 206,55 ұпай жинап, оныншы орынға тұрақтады. Бұл нәтиже оған Гран-при финалына жолдама алуға мүмкіндік бермейді.
Спортшы старттан кейінгі әсерін Instagram парақшасында білдірді. «Мұндай старттан кейін сөз табу қиын. Барлық нәрсе біз қалағандай бола бермейді. Мұз тайғақ. Мен сіздердің алаңдаушылықтарыңызды көріп, хабарламаларыңызды оқып отырмын және әрқайсыңызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін ризамын. Жеңістермен бірге жеңілістерді де бөліскендеріңіз үшін рахмет, өйткені олар да жолдың бір бөлігі. Табандылық танытып, мықтырақ оралатыныма уәде беремін. Баршаңызға рахмет!» — деп жазды Шайдоров.
Қазақстандық спортшының келесі старты — 6–8 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Гран-при кезеңі.


