Көпшілік обаны алыс өткен заманның дерті деп қабылдайды, алайда бұл қауіпті инфекция бүгін де өмірді жалмауды жалғастырып отыр. Соңғы он жылда әлемде шамамен 6 мың жұқпа жағдайы тіркеліп, оның 582-сі өліммен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оба — Yersinia pestis (оба қоздырғышы) тудыратын бактериялық инфекция. Әдетте ол жұқтырған бүргелердің шағуы немесе ауру жануарлармен жанасу арқылы таралады.
Қай түрі қауіпті
Аурудың үш түрі бар: бубонды, септикалық және өкпелік. Ең қауіптісі — өкпелік түрі. Ол жөтелгенде адамнан адамға жұғады және антибиотиктерсіз бір тәулікте өлтіруі мүмкін. Алайда уақытылы емделсе, сауығу мүмкіндігі жоғары.
Микробиология, эпидемиология және иммунобиология журналының ғылыми жарияланымдары мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеріне сәйкес, соңғы он жылда (2015–2024 жылдар аралығында) әлемде адамдар арасында обаның шамамен 5 880 жағдайы тіркеліп, оның 582-ге жуығы өліммен аяқталған.
Оба қайда әлі кездеседі
Конго Демократиялық Республикасы тұрақты аурушаңдығы бар негізгі аймақтардың бірі болып қала береді: мұнда жыл сайын мыңға жуық науқас тіркеледі. Мадагаскарда да маусымдық өршулер жиі болады. Мысалы, соңғы ірі өршу 2017 жылы тіркелген — 2 мыңнан астам науқас. АҚШ-та жыл сайын орта есеппен жетіге жуық жағдай тіркеледі.
Қазақстанда обаның соңғы жағдайы 2023 жылы тіркелген. Онда бубонды оба анықталған. Адам табиғатта бүргелердің шағуы арқылы жұқтырған.
Соңғы жұқпа жағдайы туралы бұған дейін «Курсив» жазған. Ресей Федерациясының Иркутск облысында обаға қарсы институттың 28 жастағы қызметкері пробирканы сындырғаннан кейін көз жұмғаны хабарланған. Алайда кейін Роспотребнадзор оба жағдайы анықталмағанын, әйелдің өліміне пневмония себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді.


