Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында қазақстандық дәрігерлер 3,6 миллион баланы профилактикалық тексеруден өткізді. Нәтижесінде 302 мың оқушыдан түрлі ауру табылды. Олардың ішінде анемия, көру қабілетінің бұзылуы және тіс жегісі тұрақты түрде алдыңғы орында тұр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігінің нақтылауынша, тексеру қорытындысы бойынша 119 мыңнан астам бала динамикалық бақылауға алынды.
Тіс жегісі 80 мыңнан астам оқушыдан анықталды. Дәрігерлердің пікірінше, бұл құрамында қанты көп тағамды шамадан тыс тұтынуға байланысты.
Ведомство сонымен қатар соңғы екі жылда республикада 166 профилактикалық стоматологиялық кабинет ашылғанын мәлімдеді.
«Олардың жұмысы оқушылардың ауыз қуысын күту дағдыларын қалыптастыруға және стоматологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар 2027 жылдан бастап ата-аналарға балаларының алдағы медициналық тексерулері туралы sms-хабарлама жіберу жоспарлануда.
Алайда қанша оқушыдан анемия мен көру қабілетінің бұзылуы анықталғанын Денсаулық сақтау министрлігі хабарламады.
Тамыз айында «Курсив» Қазақстанда мектеп медицинасына деген көзқарас толығымен өзгеретінін жазған болатын. Енді балалардың барлық профосмотрының нәтижелері бірден бірыңғай ақпараттық жүйелерде тіркелетін болады. Бұл емхана дәрігерлеріне баланың денсаулығын динамикада қадағалап, емдеуді уақтылы тағайындауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қазақстанда мектептегі медициналық тексерулер цифрландырылатыны, содан кейін оларға ата-аналардың қол жеткізе алатыны да хабарланған еді.


